Алматыда Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында халық әртісі, опера әншісі, актер және педагог Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
«Дәуірдің жарық жұлдызы» атты іс-шараға мәдениет және өнер өкілдері, әншінің туған-туыстары, шәкірттері, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Кеш барысында Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылық жолы, қазақ операсы мен музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі және педагогикалық қызметі туралы айтылды.
Өнер иесінің замандастары мен шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, оның шығармашылық мұрасының қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталды.
Сондай-ақ Ұлттық кітапханада Ермек Серкебаевтың өмірі мен қызметіне арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияға әншінің сахналық жолы, шығармашылық жетістіктері мен қоғамдық қызметі туралы басылымдар және архивтік құжаттар қойылды.


