Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

12-16 қазан аралығында Францияның Страсбург қаласында Еуропа Кеңесінің Киберқылмыс туралы конвенциясы комитетінің (T-CY) 35-ші пленарлық отырысы, сондай-ақ Будапешт конвенциясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Octopus 2026» халықаралық конференциясы өтуде.
Аталған іс-шараларға Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков бастаған Қазақстан делегациясы қатысуда.
Пленарлық отырыс аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру, құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күрестің бірлескен шараларын әзірлеу мәселелері қарастырылуда.
Қазақстан делегациясының аталған іс-шараларға қатысуы халықаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласында шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын (Будапешт конвенциясын) ратификациялауы ерекше маңызға ие болды.
12 қазанда Мемлекет басшысы «Компьютерлік қылмыстар туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Осыған байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан делегациясының басшысы Айдар Сайтбеков пленарлық отырыста баяндама жасап, Қазақстанның аталған конвенцияны ратификациялағаны туралы Еуропа Кеңесінің Хатшылығына хабарлады.
Сонымен қатар «Octopus 2026» халықаралық конференциясы аясында өткен салтанатты рәсімде Қазақстан тарапы Конвенцияның ратификацияланғанын растайтын құжаттарды Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге табыс етті.
Будапешт конвенциясын ратификациялау халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, киберқылмыстарды тергеп-тексеру тетіктерін жетілдіруге және шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды нығайтуға қосымша құқықтық мүмкіндіктер ашады.



