Дәрінің түпнұсқалығын қалай тексеруге болады: Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға дәрілік заттарды қауіпсіз сатып алу және олардың түпнұсқалығын тексеру жолдарын түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, дәрі сатып алар алдында препараттың Қазақстанда тіркелгеніне, қаптамасының бүтіндігіне, жарамдылық мерзіміне және сақтау талаптарының сақталуына назар аудару қажет.
Сонымен қатар қаптамада дәрінің атауы, дозасы, дәрілік түрі мен таңбалануы дұрыс көрсетілгенін тексерген жөн. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуы тиіс.
Препараттың Қазақстанда тіркелгенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімі арқылы тексеруге болады. Ал дәрінің түпнұсқалығы мен таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim мобильді қосымшалары арқылы анықтауға мүмкіндік бар.
Министрлік дәрі-дәрмекті тек оны сатуға рұқсаты бар дәріханалар мен тиісті сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді.
Әлеуметтік желілер, жеке хабарландырулар немесе белгісіз интернет-сайттар арқылы дәрі сатып алғанда сақ болған жөн. Мұндай жағдайда препараттың шығу тегі мен сақтау талаптарының сақталғанын тексеру қиын болуы мүмкін.



