Алматыда жеткізуші роботтар мен жүргізушісіз көлік технологиялары сынақтан өтіп жатыр

Алматыда автономды көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа технологиялар сынақтан өткізіле бастады. Қалада жеткізуші роботтар іске қосылып, жүргізушісіз көліктерге қажет жоғары дәлдіктегі карталарды жасау жұмысы басталды.
Іске қосу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, Құрылтай депутаттары және бизнес өкілдері қатысты.
Көрсетілім кезінде жеткізуші робот арқылы алғашқы тапсырыс орындалды. Yandex Qazaqstan мамандары оның қала көшелерінде қалай бағдарланатынын таныстырды. Робот бағытты өздігінен анықтап, алдынан шыққан кедергілерді байқайды, қауіпсіз траекторияны таңдайды, бағдаршамдармен әрекеттесіп, жолдан өте алады.
Сонымен бірге Алматы көшелеріне арнайы картографиялау автомобильдері шықты. Олар қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын әзірлеуге қажет мәліметтерді жинай бастады.
Бұл көліктер лидарлармен, камералармен және өзге де сенсорлармен жабдықталған. Жүйе қозғалыс кезінде жол таңбаларын, бағдаршамдарды, жол белгілерін, қиылыстарды және басқа да инфрақұрылым нысандарын тіркейді.
Осы деректердің негізінде жол қозғалысы ортасының егжей-тегжейлі цифрлық моделі құрылады. Болашақта оны жүргізушісіз автомобильдер мен роботакси технологияларын дамыту барысында пайдалану жоспарланып отыр.
Қазақстанда автономды көлікті енгізу бойынша пилоттық жобаларды өткізу қағидалары да әзірленген. Бұл технологияларды нақты жол жағдайында тексеруге және оларды реттеу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жүргізушісіз көлік жүйелерін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Басты назар қауіпсіздікке, нақты қозғалыс сценарийлерін сынауға және реттеу жүйесін жетілдіруге аударылады.

