Технология

Павлодар облысында AI-жобалар мен цифрлық шешімдерді енгізу кеңейтіледі

Павлодар облысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған бірқатар жаңа жоба іске асырылмақ. Бұл мәселелер Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиевтің өңірге жұмыс сапары барысында талқыланды.

Сапар аясында вице-министр Павлодар мен Екібастұздағы цифрлық жобалармен танысып, стартаптар және IT-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ ахуалдық орталықтардың жұмысын көріп, тұрғындармен кездесу өткізді.

Pavlodar Hub алаңында өңірдің нақты мәселелерін шешуге арналған бірнеше технологиялық жоба таныстырылды. Олардың қатарында электр энергиясының ажыратылуын бақылауға арналған Barjok, 109 қызметіне жасанды интеллект енгізуді көздейтін Ping, мектептерге арналған Tekser, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы дебиторлық берешекпен жұмыс істейтін Qoldam және Real World Assets бағытына арналған Dala Capital жобалары бар.

Вице-министр бірқатар шешімді пилоттық режимде сынап, тиімділігі дәлелденген жағдайда кеңінен енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, Qoldam жобасын Павлодарда іске қосу, Ping жүйесін 109 қызметінде сынау және Barjok шешімін энергетика саласында пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сонымен қатар Pavlodar Hub базасында жастар, IT-мамандар, стартаптар мен технологиялық қауымдастыққа арналған заманауи кеңістік қалыптастыру ұсынылды.

Жұмыс сапары кезінде Павлодар қаласының ахуалдық орталығын дамыту мәселесі де көтерілді. Негізгі міндет – түрлі ақпараттық жүйелер мен мониторингтік панельдердің деректерін біріктіріп, өңірдегі жағдайды кешенді көрсететін бірыңғай басқару орталығын қалыптастыру.

Екібастұздағы қалалық және коммуналдық инфрақұрылымды мониторингтеу тәжірибесін облыстың басқа аудандарына тарату ұсынылды. Болашақта ахуалдық орталықта проблемаларды болжау және басқарушылық шешім қабылдауға көмектесу үшін AI құралдарын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын да цифрлық трансформацияға тарту көзделген. Кәсіпорындарға цифрландыруға жауапты басшыларды айқындап, жеке AI және цифрлық даму стратегияларын әзірлеу ұсынылды.

Сондай-ақ облыста өнеркәсіп, IT-компаниялар, білім беру ұйымдары мен технологиялық қоғамдастықты біріктіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі өңірлік кеңес құру бастамасы айтылды.

Кадр даярлау бағытына да ерекше назар аударылды. Өңір экономикасының ерекшелігін ескере отырып, цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект бойынша арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.

Бұл әсіресе деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымы дамып жатқан Екібастұз үшін маңызды. Сондықтан энергетика, IT және деректер орталықтарында жұмыс істейтін мамандарды алдын ала даярлау көзделіп отыр.

Осылайша, Павлодар облысының цифрлық трансформациясы AI-шешімдерді енгізу, ахуалдық орталықты дамыту, стартаптарды қолдау, ірі кәсіпорындарды тарту және жаңа технологиялар үшін мамандар даярлау бағыттары бойынша жүргізіледі.

Back to top button