Экономика

Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен ынтымақтастықты кеңейтеді

Құрылтай Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады.

Құжатқа сәйкес, банк қаржыландыратын жобалар оның ішкі қағидалары мен стандарттары негізінде жүзеге асырылады. Бұл талаптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы бөлу, қаржылық бақылау, ақпаратты ашу, сатып алу рәсімдері, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік стандарттарды қамтиды.

Негіздемелік келісім Қазақстан аумағында Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі қатысатын болашақ жобалар үшін бірыңғай құқықтық тәртіп қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осының арқасында әрбір жаңа жоба бойынша бірдей талаптарды қайта келісудің қажеті болмайды. Сонымен қатар жобаларды іске асыру кезіндегі құқықтық және қаржылық тәуекелдерді азайту көзделіп отыр.

Келісімнің негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту, басым бағыттарды айқындау және жобаларды іске асыру рәсімдерін жеңілдету.

Құжатты ратификациялау Қазақстанға көлік, энергетика, цифрлық байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы жобаларға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button