Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр

Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық мұнай-газ саласымен ғана шектелмей, жаңартылатын энергия, энергия сақтау жүйелері, гидроаккумуляциялық станциялар және сутегі технологияларын қамти бастады.
Павлодар облысында қытайлық State Power Investment Corporation компаниясы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында қуаты 300 МВт және сыйымдылығы 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесін салу жоспарланған.
China Energy Engineering Group компаниясы Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын және Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Жаңартылатын энергия үлесінің өсуіне байланысты электр энергиясын жинақтау және энергожүйедегі өндіріс пен тұтыну теңгерімін сақтау мәселесіне де назар аударылуда.
Осы бағытта Қазақстан қытайлық инвесторлармен бірге Алматы облысында гидроаккумуляциялық электр станцияларының жобаларын пысықтап жатыр. Мұндай нысандар электр энергиясын сұраныс төмен кезде жинақтап, жүктеме жоғары уақытта пайдалануға мүмкіндік береді.
Қытай компаниялары дәстүрлі энергетика жобаларына да қатысып отыр. Ақтауда China Huadian Corporation компаниясының қатысуымен қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы жүзеге асырылуда. Нысан Маңғыстау облысының энергиямен қамту тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – сутегі технологиялары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Қазақстан-Қытай сутегі технологиялары орталығы құрылды.
Орталықтың серіктестері қатарында ҚазҰУ, Shanghai Jiao Tong University және Energy China International бар. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізіп, технологияларды сынақтан өткізуге, пилоттық жобалар іске асыруға және әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізуге келісті.
Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестік электр энергиясын өндіру, сақтау, теңгерімдеу, ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды енгізуді біріктіретін кең ауқымды модельге ауысып келеді.


