Қазақстанда 18,6 млн тонна астық жиналды

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген алқаптардың 81,5%-ы жиналып, 18,6 млн тонна астық бастырылды.
Орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады. Жалпы 12,7 млн гектар алқаптан өнім жиналған.
Биыл еліміздегі егіс алқабы 24,2 млн гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға көп. Оның 15,6 млн гектарына дәнді, 5,2 млн гектарына майлы, 3 млн гектарына мал азықтық дақылдар егілген.
Жаңа өнімнің 4,9 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20%-ға жоғары.
Қабылданған астықтың 74%-ы 3-сыныпқа, 20%-ы 4-сыныпқа, 6%-ы 5-сыныпқа жатады.
Министрлік мәліметінше, жұмсақ бидайдың сапа көрсеткіштері де жоғары. Зерттелген өнімнің 48%-ында клейковина мөлшері 28%-дан асқан.
Сонымен қатар майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Қазір 2,2 млн гектар алқаптан 2,2 млн тонна өнім алынған.
Бұдан бөлек, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна картоп және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Егін жинау жұмыстарына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
2026 жылы 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 2,1 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалған, бұл жоспардың 90%-ына тең.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлермен бірлесіп, егін жинау қарқынын, өнім сапасын және шаруалардың техника мен қажетті ресурстарға қолжетімділігін бақылауды жалғастырып жатыр.



