Саясат

Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте бірқатар екіжақты кездесу өткізді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Кипр, Грузия және Румыния сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесті.

Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен өткен келіссөзде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру, алдағы байланыстардың кестесі және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды, соның ішінде энергетика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударды. Сондай-ақ тұрақты саяси диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты.

Грузия Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және Орта дәліздің әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Румынияның Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Оана-Сильвия Цоюмен кездесуде энергетикалық қауіпсіздік, инвестиция, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары сөз болды. Тараптар өзара тиімді әріптестіктің жаңа бағыттарын да талқылады.

Кездесулер қорытындысында министрлер БҰҰ және басқа да көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Back to top button