Саясат

Қазақстан ТМД-ның жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңесіне төрағалықты Беларуське тапсырды

Қазақстан ТМД Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңесіне төрағалық ету өкілеттігін Беларуське тапсырды.

Минск қаласында өткен кеңестің XXIX сессиясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Қанат Ерубаев төрағалық етуші тараптың өкілі ретінде ұйымның өткен кезеңдегі жұмысы туралы есеп берді.

Жиында Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан геологиялық қызметтерінің 2025-2026 жылдардағы жұмыс қорытындылары қаралды. Сондай-ақ ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау саласындағы бірлескен жобаларының орындалу барысы талқыланды.

Қазақстан атынан Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Саида Нигматова және геология мен геофизика саласының сарапшысы Дулат Әжғалиев баяндама жасады.

Сессия барысында Қазақстандағы «Mineral Museum» қоғамдық қоры мен Өзбекстандағы «Геологиялық музей» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Геологиялық және минералогиялық музейлердің халықаралық қауымдастығын құру туралы бастама көтерді.

Қатысушылар сондай-ақ шекаралас аумақтарды геологиялық зерттеу, картаға түсіру және минералдық-шикізаттық әлеуетін бағалау бағыттарындағы халықаралық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Бұдан бөлек, заманауи зертханалық зерттеулер, минералого-геохимиялық талдау, ақпараттық технологияларды енгізу және 2023-2030 жылдарға арналған бірлескен жұмыстар жоспарын орындау мәселелеріне назар аударылды.

Сессия қорытындысында Үкіметаралық кеңеске келесі жылға төрағалық ету өкілеттігі Беларусь тарапына берілді.

Back to top button