Астанада HackAlem AI халықаралық хакатоны өтті

Астанада AI Month бағдарламасы аясында HackAlem AI халықаралық хакатоны өтті. Іс-шараға OpenAI, NVIDIA және басқа да ірі технологиялық компаниялар қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, хакатон Guinness World Records әлемдік рекордын орнатуға ресми талпыныс ретінде өткізілді.
HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған AI Month бағдарламасын ашты. Бағдарлама AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Хакатонға 21 елден 2 500 адам қатысты. Олардың арасында Қазақстанның 129 жоғары оқу орнының студенттері бар. Жалпы жобаға 6,5 мың өтінім түскен, оның шамамен 5 мыңы студенттерден келген.
Қатысушылар бес сағат ішінде энергетика, қаржы, мемлекеттік басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникациялар және сауда бағыттары бойынша AI-шешімдер әзірледі.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жобаның мақсаты – технологиялық командаларды экономиканың нақты секторымен байланыстырып, перспективалы шешімдерді прототиптен бастап өндіріске енгізуге дейін жеткізу.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хакатонның жасанды интеллект саласында жаңа буын мамандарын даярлау үшін маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында AI курстары енгізіліп, жасанды интеллект бағыты бойынша 50-ден астам білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев HackAlem AI қатысушылары OpenAI және NVIDIA секілді технологиялық компаниялардың ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие болғанын айтты.
Хакатон қатысушылары OpenAI, NVIDIA және Arizona State University ұсынған жалпы құны 1,5 млн долларға дейінгі технологиялық және білім беру ресурстарына қол жеткізді.
Үздік жобалардың авторлары 200 мың доллар көлеміндегі жүлде қорын бөліседі. Оның 100 мың доллары технологиялық ресурстар түрінде, тағы 100 мың доллары Astana Hub тарапынан беріледі.
Жеңімпаздарды марапаттау AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында өтеді.



