«Дала дәмі» жәрмеңкелеріне 3,5 мың тоннаға жуық өнім шығарылды

Қазақстан өңірлерінде өтіп жатқан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне шығарылған өнім көлемі 3,5 мың тоннаға жуықтады. Бұл өткен аптамен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен аптада ел бойынша жәрмеңкелерде 2 мың тоннадан астам өнім сатылған.
Осы демалыста Астанадағы жәрмеңкеге Абай, Маңғыстау және Алматы облыстарының шаруалары қатысып жатыр. Алматыда төрт сауда нүктесінде жалпы 600 тонна ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылған.
Ірі жәрмеңкелердің бірі Шымкентте өтіп жатыр. Мұнда фермерлер 500 тоннадан астам өнім әкелген.
Жәрмеңкелерде ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Шаруалар сиыр, жылқы, қой және құс етін ұсынып отыр. Мәселен, Қарағанды облысындағы жәрмеңкеге 52 тонна сиыр еті шығарылған.
Астанада Абай облысының шаруалары әкелген сиыр және жылқы еті келісіне 3500 теңгеден сатылып жатыр. Қостанайда сиыр етінің бағасы 3200-3500 теңге аралығында, ал жылқы мен қой еті 3000 теңгеден басталады.
«Дала дәмі» жәрмеңкелерінің басты ерекшелігі – шаруалар өнімдерін делдалсыз тікелей сатады. Сауда орындары фермерлерге тегін беріледі, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына басымдық жасалады.
Министрлік мәліметінше, жәрмеңкелердегі бағалар нарықтағы орташа бағадан 20%-ға дейін төмен болуы мүмкін.
Биыл қыркүйектен бастап еліміздегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері «Дала дәмі» деген ортақ атаумен өткізіліп келеді.



