Қоғам

Қазақстанда жыл басынан бері 1 700-ден астам заңсыз қару тәркіленді

Қазақстанда жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымда болған 1 700-ден астам қаруды тәркіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тәркіленген қарулардың арасында 34 автомат, 458 тапанша, мыңнан астам мылтық, үш гранатомет және 12 мыңға жуық оқ-дәрі бар.

ІІМ мәліметінше, 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қаруларды іздестіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері осындай 152 қару заңсыз айналымнан алынған. Қыркүйек айының өзінде тоғыз қару тәркіленді.

Тамызда Алматы мен Өскемен қалаларында Алматы облысының екі тұрғынынан 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкендерінен ұрланған үш қару табылған.

Қыркүйек айының басында Тараз қаласында үйінде Макаров тапаншасын сақтаған жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында бұл қарудың да 2022 жылғы қаңтарда Жамбыл облысында ұрланғаны анықталған.

Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге елде заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру акциясы жалғасуда. 20 сәуірден бері азаматтар 900-ден астам қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні өз еркімен тапсырған.

ІІМ заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.

Қарудың заңсыз сақталған орны туралы ақпаратты «102» нөмірі немесе eOtinish сервисі арқылы хабарлауға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button