Ұлттық қор – балаларға»: төлем қалай есептеледі және оны қашан пайдалануға болады

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Қазақстан азаматтарына туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігі жыл сайын есептеледі.
Бағдарлама 2024 жылдан бастап іске қосылды. Оның аясында балаларға Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің 50%-ы бөлінеді.
2026 жылы әр балаға 130,71 АҚШ доллары есептелді. Бағдарламаға үш жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370,56 долларға жетті.
БЖЗҚ дерегінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім беру ақысын төлеуге 76,1 млн доллардан астам қаражат пайдаланылған. Төлем алғандар саны 365 мыңнан асты.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 50,4 млн доллар, ал білім алуға 25,7 млн доллар жұмсалған.
Жинақталған қаражатты бала 18 жасқа толғаннан кейін пайдалана алады. Ақша БЖЗҚ-дағы жеке шотқа аударылады.
Қаражатты екі мақсатқа жұмсауға болады:
- Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайын жақсартуға;
- Қазақстанда немесе шетелде білім алуға ақы төлеуге.
Жинақталған соманы пайдалану үшін уәкілетті операторларға жүгіну қажет. Қазіргі кезде мұндай қызметті Отбасы банк пен Halyk Bank көрсетеді.
Баланың бағдарламаға қатысатынын және жинақ сомасын kids.enpf.kz сайты, eGov.kz порталындағы жеке кабинет, сондай-ақ Halyk және Kaspi.kz қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Егер азамат 18 жасқа толғаннан кейін жинағын 10 жыл ішінде пайдаланбаса, қаражат оның жеке зейнетақы шотына аударылады.
Бағдарлама бойынша есептеу азамат қайтыс болғанда, сот оны қайтыс болды деп таныған жағдайда немесе Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде тоқтатылады.
Қатысушы қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражатты мұрагерлері заңда белгіленген тәртіппен БЖЗҚ арқылы ала алады.



