Батыс Қазақстан облысында жаңа су қоймасы салынады

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында Үлкен Өзен өзеніне жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы Орал қаласында өткен тұрғындармен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Жоба Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жаңа су қоймасының сыйымдылығы 28,4 млн текше метр болады.
Министрлік мәліметінше, нысан 12 мың гектар лиманды жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін бұл аумақты 20 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыста Ислам даму банкінің қолдауымен Бітік су қоймасы мен төрт магистральдық каналды реконструкциялау көзделген. Бұл жобалар шамамен 28,5 мың гектар жердің сумен қамтылуын жақсартуға тиіс.
Жобалар аясында суды автоматтандырылған есепке алу жүйесінің элементтері де енгізіледі.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар суды тұрақты жеткізуге, шығынды азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді суаруға және елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған.
Кездесу барысында тұрғындар шағын өзендердің тартылуын болдырмау, су нысандарының ластануы және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту мәселелерін көтерді.
Бұдан кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, жауапты комитеттер мен департаменттерге бірқатар тапсырма берді.



