Қазақстан WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатына 33 жас маманмен қатысады

Қазақстан құрамасы 22-27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өтетін WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатына қатысады.
Еліміздің атынан жарысқа 33 жас маман аттанып, 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды.
Қазақстандық қатысушылар мехатроника, инженерлік графика, CNC технологиялары, бағдарламалық және мобильді қосымшаларды әзірлеу, дәнекерлеу, электроника, мобильді робототехника, электромонтаж, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық, автокөлік жөндеу және ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері секілді бағыттарда сынға түседі.
WorldSkills қозғалысының мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіру.
Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторы – Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КеАҚ.
Биылғы әлем чемпионатына 70-тен астам ел мен өңірден 1 400-ден астам жас маман қатысады. Олар 64 құзыреттілік бойынша өз шеберлігін көрсетеді.
Чемпионаттың ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23-26 қыркүйек аралығында Шанхай ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 27 қыркүйекке жоспарланған.


