Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» халықаралық конференциясы өтті

Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан және бірқатар шетелден келген ғалымдар, тарихшылар, археологтар, түркітанушылар мен шығыстанушылар қатысты.
Конференцияға қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.
Президент құттықтауында Алтайдың түркі әлемінің қалыптасуындағы және Орталық Еуразия халықтарының тарихи-мәдени мұрасындағы орнына тоқталды.
Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтауын Ресей Президенті Әкімшілігінің өкілі Владимир Бочарников жеткізді. Онда конференцияның түркітану, алтаистика және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызы атап өтілді.
Жиынға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Германия, Швеция, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Болгария, Бельгия және АҚШ ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, түркі өркениетінің қалыптасуындағы Өр Алтайдың рөлін талқылау және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту.
Пленарлық отырыстар мен тақырыптық секцияларда Ботай мәдениеті, түркі тілдерінің дамуы, Батыс Түрік және Хазар қағанаттарының тарихы, көне түркі жазуы, археология, этнография, тарихи жады және Алтын Орда мұрасы талқыланды.
Ғалымдар Өр Алтай аумағындағы тарихи үдерістерді, түркі халықтарының этномәдени байланыстарын және ортақ мұраны сақтау мәселелерін де қарастырды.
Алғашқы екі конференция 2024 және 2025 жылдары Ресейдің Алтай Республикасында өткен. Үшінші конференцияны Қазақстанда өткізу бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында ұсынған болатын.
Конференция қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Құжатта Алтайдың тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеуді жалғастыру, бірлескен ғылыми жобалар, экспедициялар мен халықаралық іс-шараларды дамыту, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу қажеттігі айтылған.


