Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті.
Министр марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.
«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Дәурен Қосанов.
Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олар әскери қызмет барысында жауапкершілік пен тәртіп танытып, әскери міндеттерін адал атқарған.
Дәурен Қосанов қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты. Қорғаныс министрлігі туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесіп, отбасылармен тұрақты байланыста болатынын мәлімдеді.
Әскери қызметшілер оқу-жаттығу барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде қаза болған.



