Қазақстанда мұздық көлдерден 3,5 млн текше метр су сорылды

Қазақстанда 2026 жылғы сел қаупі кезеңі аяқталуға жақын. ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мамандары ықтимал жарылу қаупі бар мореналық көлдерден 3,5 млн текше метр су сорып, қауіпті аймақтардағы су деңгейін төмендетті.
Маусым барысында таулы аумақтарда 44 бақылау бекеті мен 11 авариялық-механикаландырылған бригада жұмыс істеді. Алдын алу және мониторинг шараларына 100-ден астам маман тартылды.
Ең қауіпті көлдерде су деңгейін төмендету үшін шамамен 50 сифондық құбыр орнатылды. Мамандар көлдердің тереңдігі мен көлемін зерттеп, табиғи су ағатын арналардың жағдайын тексерді және қажет болған жағдайда инженерлік жұмыстар жүргізді.
Жалпы 1015 жерүсті және 19 әуе бақылауы өткізілді. Қолжетімі қиын таулы аудандарға мамандар мен құрал-жабдықтар авиация арқылы жеткізілді.
Алматыда сел қаупі бар учаскелерді 30-дан астам автоматты станция бақылайды. Олар тәулік бойы деректерді тіркеп, кезекші қызметтерге жібереді. Қауіпті аумақтарда бейнебақылау камералары мен гидрометеорологиялық датчиктер де орнатылған.
Мамандар су деңгейін, мұздықтар мен тау беткейлерінің жағдайын, сондай-ақ гидрометеорологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстады.
ТЖМ мәліметінше, биыл бақылаудағы мореналық көлдердің жарылуы немесе қауіпті сел ағындары тіркелген жоқ.
Ауа температурасының төмендеуіне және мұздықтардың белсенді еру кезеңінің аяқталуына байланысты маусымдық бақылау бекеттерінің жұмысы біртіндеп аяқталып жатыр. Биік таулы аумақтардағы мониторинг белгіленген режимде жалғасады.



